Ал, 10 жыл бойы бала күтімімен үйде отырған Зарина Омарова, шоу-бизнеске тез үйренісіп кеткенін айтады. Бұрындары бар уақытын ұл-қызына арнайтын бикеш, бүгіндері үйге бас сұғуды сиреткен. Әншінің бұл қылығына, отбасы мүшелері ренішін де білдіріп үлгеріпті...
Отандық шоу-бизнеске 10 жылдан кейін оралған Омарова, әншілік мансабын қолға алғанымен, танымалдылыққа ие боламын деп ойламаған.
Зарина Омарова, әнші:
-Басында шыққанда қашан сіңіп кетеді екенмін, қашан мені тез осылай қабылдайды екен деген мақсат болған жоқ. 1-2 өлең жазайын, 1-2 бейнебаян түсірейін, болып жатса бола берсін. Сенімділік деп айтпай-ақ қояйын, бірақ сондай бір сабырлық болды.
Иә, сабырдың түбі сары алтын! Бүгінде әнші бикешті жұрт танып, сұраныс та артқан. Бірақ отағасы мен балалары Омарованың жаңа жұмыс кестесіне үйренісе алмай жүр.
Зарина Омарова, әнші:
-Қазіргі уақытта менің жолдасым айтып отырады. Біз осылай болады деп ойлаған жоқпыз ғой. Сен байқаймын тез шығып кеттің, тез жарқ ете қалдың... Кішкене балаларым үйрене алмай жүр. Мама қайда кетті? 10 жыл бойы мамамыз қасымызда отыратын еді, қазір енді концерттен концерт.
Бір қызығы 17 жасында Алматыдағы зәулім сарайды лық толтырған Зарина, ұзақ үзілістен кейін жеке концерт өткізуге жүрексініп жүр.
Зарина Омарова, әнші:
-Дайын емеспін, неге? Кішкене тағы да, тағы да көбірек көріну керек маған. Ол аз мен үшін. Әрине барлық жерде жүрмін қазір. Бірақ бәрібір тағы да әндер сыйлау керекпін деген ойдамын.
Тыңдармандарымен қайта табысқан әнші, екі жылдың көлемінде елге есеп беремін деп сендірді.